Амангелді Иманов: Қазақ халқының тарихи күресінің символы
По техническим причинам данная публикация доступна только на казахском языке. Помощь в переводе приветствуется.
«Ғасырлар өтеді, бірақ біздің республикамыздағы Кеңестік билік үшін табанды күрескерлердің есімдері жас ұрпақтың санасынан ешқашан өшпейді. Бостандық үшін өмірін берген, революцияның жеңісі үшін ерлікпен шайқасқандар жайлы жарқын естеліктер алдында бас иеміз».
Қиын заман: соғыс, революция, экономикалық дағдарыс. Жиырмасыншы ғасырдың басы Қазақстан даласында көптеген көрнекті тұлғаларды тудырды. Халық үшін, ел үшін, жер үшін жан-тәнін аямай шайқасқан батырлар да аз болмады. Сол батырлардың бірі Амангелді Имановтың қазақ тарихында, еңбекшілердің күрес тарихында орны бөлек. Оның әскери білімі болмаса да, таттанған мылтық пен қылыш асынған шаруалар мен малшыларды біртұтас күшке айналдырды. Сол күшпен пулемет оғы астында Торғайға шабуыл жасап, оны азат етті. Бүгін, жолдас, біз Амангелдінің хикаятын баяндаймыз. Бүгін 1916 жылғы көтеріліс жайлы баяндаймыз. Амангельді Иманов қазақ халқының көрнекті де әйгілі батыры, 1916 жылғы Торғай көтерілісінің көсемі, ең бірінші қазақ-коммунистердің бірі. Өзінен кем түспейтін Әліби Жангелдин екеуі Торғайда кеңестік билік орнатты. 1919 жылы опасыздықпен алашордашылардың қолынан қаза тапты.
Иманов 1873 жылы 3 сәуірде Қайдауыл болысында, Торғай уезінде, қазіргі Қостанай облысының Амангелді ауданында дүниеге келген. Руы – ұзын қыпшақ. Әкесі Үдербай кедей болған. Ауылмен көшіп-қонуға малы аз болғандықтан, Байқоңырға көшеді, егін егіп, аң аулап күнін көреді. Сол жерде Имановтың жастық шағы өтеді. Әкесінен сегіз жасында айырылған ол ерте есейеді. Болашақ батыр мерген, шабандоз, жігерлі, еркіндікті жақсы көретін сері болып өседі. Оған қоса ауыл мектебінде әрі медреседе сауат ашқан. Түрік, парсы, араб, орыс тілдерін үйренген. Амангелді кедей болды, байлардың озбырлығын, феодалды патриархалды қауымның қанауын өз арқасымен сезді. Дәстүр бойынша қалың мал төлей алмай, сүйгені Зылихадан айырылды: әкесі Зылиханы бай әрі би Бектібайға тұрмысқа берді. Осыдан бері Амангелді өзі сияқты кедейлерді қанап, тонап жатқан бай-феодалдар мен патша үкіметіне қарсы күресе бастайды. Тауытбай екі жыл мал баққаны үшін Амангелдіге кәрі бие беріп, ақысын жегенде, оған дым демей, сол жерде биені бауыздап, келесі түні байдың ең жүйрік сәйгүлігін алып қашты. Ал бір күні оның үйіне жалшылар келіп, олардың еңбегін қанап отырған байға шағымданады. Амангелді байдың ауылына барып, жалшылардың ақысын толық төлеткізді. Осыдан Амангелдінің байлар мен патшаның малайларының озбырлығы мен опасыздығына қарсы күрескер, халықтың қамын ойлайтын қаһарман ретінде даңқы шығады.
Торғай, Ырғыз, Қостанай уездерінің түкпір-түкпірінен Амангелдіге қарапайым халық әділет іздеп келеді. Байлардың озбырлығымен күресте бірде күшке жүгініп, бірде қорқытып, бірде барымталап кедейлерді қорғады. Байларды ел алдында мазақ қылып, ар-ұятын оятып, тәубеге шақырады. Билер сотын жек көрген Амангелді, кедейлерді одан сақтындырып, - «Биге сенуге болмайды. Би әр істе байды қолдайды. Берері жоқ кедейді қолдап несі бар дейсіңдер? Ал байдан болса әр-түрлі сый-сияпат алады.», - деген сөздері бар.
Байлар, билер, болыс басылары болса жауап ретінде оны жек көрген, одан қорыққан. Бірнеше рет оны өлтірмек болған, абақтыға қамамақ болып, патшаның малайларына арыз жазған, оны «күйгелек» және «сенімсіз» адам деп, қазақ даласынан жер аударып жібергісі келген.
1905-1907 жылдардағы революция барысында революционер Амангелдінің тұлғасы қалыптаса бастады. Ол енді патша мен байлардың билігімен саналы түрде күресе бастайды. Бай-феодалдар мен отарлық билік жойылмайынша, әділетсіздік жойылмайтынын, қарапайым халықтың азабы тоқтамайтынын түсінеді. Большевиктердің бастауымен өткен Орынбор, Қарағанды, Петропавл қалаларының жұмысшыларының, Орынбор-Ташкент, Сібір темір жол жұмысшыларының ереуілдері, қазақ халқының арасындағы ұлт-азаттық қозғалыстың өршуі – бұның бәрі, әрине, Амангелді санасында терең із қалдырды. Ол болып жатқан үдерістің мағынасын, себептерін түсінуге тырысты. Солай ол революциямен және большевиктермен танысты.